Социалистік дәуірдегі қазақ әдебиеті

Тарих айдынында - 9

Социалистік дәуірдегі қазақ әдебиеті

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, 1917 қазан төңкерісінен кейін жаңа бүршік атып гүлденіп келе жатқан Алаш қайраткерлерінің ұлттық мазмұндағы әдебиетінің тамырына балта шабылып, оның орнына Қазақ елінде социалистік бағытта әдебиеттің пайда болуына тоқталмақпыз. 1920-жылдардан бастап Кеңестік жүйенің талаптарына сай қазақ ақын – жазушыларының жаңа бағыт алғаны сондай-ақ әдебиеттің партиялық идеологияның шылауында болғаны шындық. Бүгінгі сұхбатымызда социалистік әдебиет және оны бүгінгі тәуелсіздік кезеңінде қалай бағалау керектігі туралы әңгіме қозғамақпыз.

Қазақ әдебиеті 1905 жылғы орыс төңкерісінен кейін Патшалық Ресейде баспасөздегі қатаң тыйым-шектердің жойылуымен өркендеу жолына түскен еді. Қазақтарда ағартушылық қозғалыстары ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шоқан Уәлиханов және Ыбырай Алтынсаринмен бастау алып, Абай Құнанбайұлымен жалғасты.  Шығыстың классик ойшылдары мен либерал орыс зиялыларының еңбектерінен нәр алып, далада көшпелі өмір кешкен қазақ қоғамын дамуға, ойлауға және еңбек етуге шақырған Абайдың өлеңдері Бөкейхановтың бастамасымен 1909 жылы Петербургта жарық көрді. Сол жылғы тағы бір маңызды басылым  Ахмет Байтұрсынның “Қырық мысал” деген атпен жарық көрген Иван Крыловтан жасаған аудармалары еді. Сол жылы қазақтар арасында маңызды тағы бір шығарма  жарық көрді. Ол Міржақып Дулаттың “Оян қазақ” атты кітабы болатын.

Қазақ зиялыларының кітаптары жарық көре бастаған кезең “Айқап” және “Қазақ”қазақша газет-журналдардың да басылып, оқырмандарымен қауыша бастаған кезеңі болды. Ақпан төңкерісімен Ресейдің патшалық жүйесі құлағаннан кейін 1917 жылы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі құрылды.  Қазақ ақындары ұлттық саяси болмысты қуана қарсы алды. Сұлтанмахмұт Торайғыров:

Алаш туы астында

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді Алашты ешкімнің

Қорлығына бермейміз...

Өлер жерден кеттік біз.

Бұл заманға жеттік біз.

Жасайды Алаш, өлмейміз

Жасасын Алаш, жасасын! — десе,

Жүсіпбек Аймауытов:

Арғы атам — ер түрік

Біз қазақ еліміз.

Самал тау, шалқар көл,

Сарыарқа жеріміз.

...Ат мінсек, жел болып,

Дауылдап шабамыз.

Лап десек ерленіп,

Дауылдап жанамыз.

...Ер түрік ежелден

Оқ тескен етіміз.

Қаймығып еш жаудан

Қайтпаған бетіміз, —

деп, халықтың ғасырлар бойы күткен арманын тілге тиек етті.

Бірақ сол жылы Большевиктердің Қазан төңкерісі жағдайды күрт өзгертіп жіберді. Ұлттық бағытта қалам тербеген ақын – жазушылар көп өтпей қысым қудалауға ұшырады. Алаш қаламгерлері екі жылдай Кеңес өкіметімен қатарласа өмір сүргенмен, біртіндеп әдеби саладан аластатыла бастады. Сәкен Сейфуллин сияқты орыс большевиктерімен байланысы бар бірен-саран ақын-жазушылар болмаса, көпшілігі шығармашылық дағдарысқа түсті.

Кеңес өкіметінің орнығуы, коммунистік партияның езілгендер мен қаналғандарды жақтайтыны жөніндегі уәделері халықтың бірқатары мен кейбір зиялылардың қолдауын тапты. Олар теңдік, әділдік туралы ұрандарға сенді.

1925 жылы 18 маусымда Коммунистік Партияның Орталық Комитеті “Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы” қаулысын қабылдады. Бұл қаулы тек саяси өмір  емес, сонымен қатар елдің әдебиетін де социалисттік бағытқа бағыттады.

1920 – 1930- жылдары Ж. Аймауытов, А. Байтұрсын, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердіұлы, С. Сейфуллин, С. Торайғыров, И. Жансүгіров, Б. Майлин шығармалары кеңінен танылды.

Қазақтың көркем прозасы, негізінен, Кеңес дәуірінде дамып, қалыптасты. Революциядан бұрын “роман” деген атпен басылған шығармалар атап айтқанда “Қалыңмал”, “Қамар сұлу”, “Бақытсыз Жамал” таза прозалық үлгіде емес, өлеңмен аралас келетін көркем дүниелер еді.

Жаңа дәуірге бейімделген жаңа қаламгерлер тобы қалыптасып, кедейдің теңдік алуы, әйелдердің құқын қорғау тақырыбына еңбектер жазыла бастады. Қазақ әдебиеті М. О. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, Т. Жароков, Ғ. Орманов, Ө. Тұрманжанов сынды есімдермен толыға түсті. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері ретінде Ж. Жабаев, Н. Байғанин, О. Шипин, К. Әзірбаев, И. Байзақов және басқалары көзге түсті.

Алаш дәуірінің белгілі ақыны М. Жұмабайұлы осы тұста қазақтан шыққан Блок деп аталды. Оның лирикасы өзінің нәзіктігімен, жаңашылдығымен, адам жанының тазалығы мен сұлулығын терең бере білуімен ерекшеленді. Ол Гетені, Гейнені, Лермонтовты, Горькийді және баскаларды қазақ тілінде шебер сөйлетті. Әйткенмен Жұмабайұлы өлеңдері мен поэмаларында партиялық және таптық принциптерге емес, жалпы адамзаттық қазыналарға, адамгершілікке көбірек орын берді.

Бірақ Кеңестік жүйе Мағжан Жұмабай, А. Байтұрсын, Ш. Құдайберді, М. Дулатов, Ж. Аймауытов сынды Алашшыл ақын – жазушылардың қазақ әдебиетінде өзіндік рөлін атқаруына жол бермеді. Сонымен қатар олардың барлығы 1937-1938 жылдары ату жазасына кесілді. Сөйтіп ХХ ғасырдың басындағы әдебиетте Абай дәстүрінің жалғасуы, халықтың мәдениетінің ұлттық табиғи арнасында дамуы тоқтап қалды.

Қазақстанда 1920 жылдардан бастау алып, 1991 жылға дейін жалғасқан социалистік әдебиетті бүгінгі тәуелсіздік кезеңінде қалай бағалаған дұрыс? Бүгінгі сұхбатымызды осы сұраққа жауап болатын белгілі әдебиет зерттеушісі, профессор Серік Қирабаевтың тұжырымымен аяқтаймыз. Ол “Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті” кітабында бұл туралы былай дейді:

“Кеңестік идеология құлады деп, ол дәуірде туған жарамды әдебиет туындыларын жаппай жамандаудан сақ болуымыз керек. Кеңес өкіметі өмір сүрген 70 жылдан артық мерзім — біздің бастан өткен тарихымыз. Жоғарыда айтылғандай, онда қайшылықтармен бірге пайдалы нәрселер де жасалды. Жасырмай айтсақ, біздің бүгінгі кәсіби, әлемге танылған әдебиетіміз - сол жылдардың жемісі. Әдебиет жанрларын байытып, жетілдірді. Заманның ырқына кете бермей, оның қайшылықтарына сын көзімен қараған, адамзатқа ортақ мұра қалдырған жазушыларымыз да аз болған жоқ. Сондықтан барды барша, жоқты жоқша дәл айту, әр құбылысты диалектикалық кайшылығымен, даму, өзгеру үстінде көру, зерттеу - біздің басты міндeтіміз. Қанша дегенмен, әдебиет өмір айнасы, өмірде болған, қоғамдық шындық тудырған жәйттер мен олардың әдебиеттегі көрінісі де тарихтан өз орнын алуға тиіс.”

 

Әбдіуақап Қара

Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің
профессоры, тарих ғылымының докторы



Ұқсас жаңалықтар