Едіге Би

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 6

Едіге Би

Алтын Орда мемлекеті тарихында хандар қатарлы маңызды рол ойнаған қолбасылар болған еді. Бұл қолбасыларға кейде ноян, кейде беклербек, ал кейде би атағы берілетін. Бұл тұлғалардың ұлы дала империясында ықпалды болғандығы соншалық олар Шыңғыс хан тұқымы төрелердің бірін тақтан түсіріп, бірін қоятын еді. Алтын Орда тарихындағы Ноғай, Мамай және Едіге міне осындай тұлғалар болатын. Бұл үш тұлғаның да түркі өркениетінде өзіне тән із қалдырғаны белгілі. Мысалға Ноғай атына кейіннен Еділ мен Жайықтың арасындағы көшпенді түрік руларының ие болғандығы мәлім. Бүгін солтүстік Кавказ бен Дағыстанда тұратын түріктер өздерін ноғаймыз деп атайды. Ал Мамай туралы түркі тарихында екі ұшты пікір болғанымен, халық арасында «Мамай батыр» дастанының болуы - түріктердің оған көрсеткен құрметінің белгісі. Ал бүгінгі бағдарламамызда Алтын Орда тарихында Ноғай мен Мамай секілді ықпалды болған және империяның соңғы кезеңіне өз таңбасын қалдырған Едіге Би туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұғамыз 1352 жылы туылып, 1419 жылы қайтыс болған. Едігенің ата тегі туралы екі түрлі пікір бар. Біріншісі, Қыдыр Али Бектің шежіресіне сай, Едігенің ата тегі Әбу Бәкір Сыддықтан басталады. Бұл шежіреге сүйенсек, Әбу Бәкір Алтын Орданың Исламдануына ұйытқы болған Баба Түкті Шашты Азиздің атасы болып келеді. Ал Едіге болса, сол Баба Түктінің ұрпағы болып саналады. Десе де бұл шежіре билеушілердің өз шежіресін Исламмен байланыстыру дәстүрінің көрінісі секілді. Парсы деректеріне қарағанда Едігенің әкесі Балтышақ Ұрыс ханның баласы Темір Мәліктің қарамағында беклербек болып қызмет етіп жүр еді. Бұл дерекке қарағанда Едіге Алтын Орданың ең күшті руларының бірі болып табылатын Маңғыт руынан тарайды.

Едігенің өмірі Алтын Орда мен Әмір Темір арасындағы соғыстармен тікелей байланысты. 1378 жылы Тоқтамыс хан Ақ Орда ханы Темір Мәлікті жеңіп Ақ Орда тағына шыққан кезде, Едігенің әкесі Балтышаққа өзіне қызмет етуді ұсынады. Бірақ Балтышақ бұдан бас тартады. Сондықтан Тоқтамыс оны өлтіртеді. Осыдан кейін Едіге Тоқтамыстан қашып, Әмір Темірді паналайды. Бұл кезде Әмір Темірдің айналасына көптеген Алтын Ордалық төрелер мен билер жинала бастаған еді. Басқаша айтқанда, Тоқтамыстан қашқандар Әмір Темірді паналайтын болды. Ақырында 1391 жылы Тоқтамыс пен Әмір Темірдің соғысы басталғанда, Едіге мен басқа қолбасшылар бұл соғысты елдеріне қайту үшін бір орай деп білді. Әмір Темір Алтын Ордаға шабуыл жасағанда, Едіге бас қолбасшы ретінде қол бастады.

1396 жылы Тоқтамыс жеңілгеннен кейін Әмір Темірмен еріп келген Темір Құтлық Алтын Орданың тағына шықты. Ал Едіге «би» атағын алып, Еділ мен Жайықтың арасындағы маңғыттардың рубасына айналды. Демек Әмір Темір Мәуренахрға кері қайтқанда, Едіге мен Темір Құтлық қалып қойған болып тұр. Оларды Әмір Темір өзі қалдырып кетті ме, әлде олар өз еріктерімен қалды ма, бұл жері анық емес. Бірақ анық болған нәрсе - Едіге өз елін ретке келтіру үшін еліне оралғандығы. Тарихшылардың жазғандарына қарағанда, Темір Құтлық Алтын Орда тағында отырғанымен, нағыз билік Едіге бидің қолында болған.

Тоқтамыс Әмір Темірден жеңілгеннен кейін Қырымға қашып кетеді. Едігенің бұдан кейінгі мақсаты Тоқтамысты Алтын Ордадан қуып шығу болды. Осыған сай 1397 жылы Едіге мен Тоқтамыстың арасында болған Қырым шайқасында Тоқтамыс жеңіліп, бұл жолы орыс жерінің ар жағындағы Литваның патшасы Витовтты паналайды. Бұл кезде Витовт орыс жерлерінің батысын өзіне қаратып үлгерген еді. Тоқтамыстың оған қосылуымен одан сайын күшейген Витовт Алтын Ордаға екі рет шабуыл жасайды. Алайда бұл кезде Едіге мен Темір Құтлық Қырымда болғандықтан литвалықтарға қарсы шабуыл болмайды.

1398 жылы Құтлық Темір мен Едіге Би Әмір Темірге елшілік жолдайды. Осыған қарағанда бұл кезде Алтын Ордада негізінен тұрақтылықтың орнағанын байқаймыз. Оның үстіне Әмір Темірдің елшілерді құрметпен қарсы алуы екі елдің арасында бейбітшіліктің орнағанының белгісі болса керек. Алайда Витовттың қолдауын алған Тоқтамыс Алтын Орда тағынан оңай бас тартпайтындығын білдіріп, үлкен қолмен Еділдің шығысына келеді. Ворскле өзенінің жағасында болған шайқаста Едіге мен Темір Құтлықтың бастаған қолы жеңіске жетіп, Тоқтамыс пен оның одақтасы Витовт қашуға мәжбүр болады. Десе де Тоқтамыс бұнымен беріле қоймайды. Тарихи деректерге қарағанда Едіге мен Тоқтамыс 15 рет шайқас алаңында қарсыласқан екен. Тоқтамыс ең соңында Сібірдегі Шайбанилерді паналайды. Тіпті сол жерден Әмір Темірге елшілік жіберіп, Едіге биге қарсы одақ құруды ұсынады. Бірақ Әмір Темірдің 1405 жылы өлімі және таққа ұлы Шахрухтың шығуымен бұл одақ жүзеге аспай қалады. Осыдан кейін Сібірге жорыққа шыққан Едіге Тоқтамысты өлтіреді. Осыдан кейін Едіге Тоқтамыстың ұлдарымен соғысты жалғастырады. Осы шайқастардың бірінде Тоқамыстың ұлы Жәлеледдин жеңіске жетіп, Едігені қуады. Едіге Би Хорезмдегі Сопы қоңырат руын паналайды. Ақырында ол қалың қол жинап, Жәлеледдин ханды жеңеді. Енді Тоқтамыстың Қадірберді деген ұлымен соғыс жалғасады. Қысқасы, Едіге бидің өмірі ат үстінде өтеді.

Қорыта айтқанда, Едіге бидің өлімімен бірге Алтын Орда да одан әрі құлдырай түседі. Десе де, Едіге би тұлғасы халықтың жырлары мен дастандарында мәңгілікке қалады.



Ұқсас жаңалықтар