Барақ Хан

Түрік өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 7

Барақ Хан

Едіге бидің өлімінен кейін Алтын Ордадағы төрелердің арасындағы таққа талас жалғаса берді. Бұл кезеңде Алтын Ордадағы түріктердің арасындағы бірлік жойылып, халық Ұлы Дала империясының қайта жандануынан үміт үзе бастады. Алтын Орданың ыдырауы Қазақ хандығы, Қырым хандығы, Қазан хандығы мен Ноғай Ордасы секілді жаңа мемлекеттердің пайда болуына алып барды. Ұлы дала елінің ыдырауы мен жаңа мемлекеттердің қалыптасу кезеңінде түркі өркениеті тарихына өз ізін қалдырған тұлға Барақ хан болатын. Олай болса бүгінгі тақырыбымыз Ақ Орданың аты аңызға айналған билеушісі Ұрыс ханның немересі Барақ хан болмақ.

Ұлы тұлғамыздың қай жылы туылғаны нақты емес. Ал оның қайтыс болған жылы 1429 жыл. Ұлы тұлғамыздың әкесі Қойыршақ Ұрыс ханның баласы болып табылады. Қойыршақ Әмір Темірдің Тоқтамыспен болған соғыстарына қатысқан беделді төре еді. Әмір Темір Қойыршақты Алтын Орда тағына шығаруды ойлаған. Бірақ белгісіз себептерге байланысты ол тақ таласында табыссыз болған еді. Алтын Орда тағына шыға алмаса да Қойыршақ 1408-1410 жылдар аралығында Ақ Орда тағында отырған. Барақ өз билігін әкесі Қойыршақтың мұрасына құрды.

Барақтың тарих сахнасына шығуы 1419 жылы Едіге Бидің қайтыс болуымен байланысты. Деректерге қарағанда Барақтың әпкесі Едіге бидің әйелі еді. Ықпалды бидің өлімінен кейін Барақ Мәуренахрға қашып барып, Әмір Темірдің мұрагері Ұлықбекті паналайды. Ұлықбек қонағын жақсы қабылдап, оның таққа таласында қолдау көрсетуге келіседі. Ұлықбектің берген әскерлерімен бірге Барақ Сығанақ қаласына шабуыл жасайды. Барақтың бұл жорығы сәтті болып, Сығанақ қаласын алады. Ол осылайша Ақ Орда тағына шыққан болады. Осыдан кейін Барақ хан Алтын Ордаға назарын аударды. Оның ендігі мақсаты Алтын Орда тағына шығып, Ұлы Дала Империясының тұтастығын қалыптастыру болды. Бұл мақсатына жету үшін оған Жайықтың батысынан мықты одақтас керек еді. Бұл одақтас Едіге Бидің үшінші ұлы Мансұр Би болды.

Мансұр Би де әкесі секілді Ұлы империяны қалпына келтіру жолында күрес жүргізуде болатын. Ол үшін ісімен және сөзімен елді өзіне қарататын төре тұқымынан шыққан мықты билеуші керек еді. Алтын Орда тағының мұрагері болып саналатын Күшім Мұхаммед әлі бала еді. Сондықтан оның билігін басқа төрелер мойындамады. Осыған байланысты Мансұр Би Барақ ханның жайлауына келіп, елімен бірге оған қызмет ететінін және оның Алтын Орда тағына шығу күресіне қолдау көрсететіндігін білдірді. Бұл кезде Мансұр Бидің қарамағында өздерін ноғай деп атайтын Еділ мен Жайықтың арасында көшіп қонып жүрген маңғыттар бар еді. Басқаша айтқанда, кейіннен Ноғай Ордасы болып аталатын ел Мансұр Бидің қол астында еді.

Бұл кезде Еділдің батыс жағында Жошының Тоқа Темір ұлынан тарайтын Ұлық Мұхаммед билік құрған еді. 1422 жылы Барақ хан мен Мансұр Бидің шабуылы қарсаңында Ұлық Мұхаммед Сарай Берке қаласында хан болып отыр еді. Ақ Орда әскерлері мен Мансұр Бидің маңғыттары Ұлық Мұхаммедтің қолын жеңіп, қаланы алады. Осылайша Барақ енді Алтын Орда тағына шыққан болды. Бірақ Ұлық Мұхаммед қуғыншылардан құтылып, батыстағын Литваның билеушісі Витовтты паналайды. Еуропа деректері Ұлық Мұхаммедтің Витовттың сарайына 1423 жылы барғанын білдіреді.

Барақ хан Алтын Орда тағына таласта тек Ұлық Мұхаммедті ғана емес, ықпалды болып саналатын Дәулет Бердіні де жеңеді. Бұл төре оңтүстікке Қырым түбегіне қашып кетеді. Оның Қырымда тұрақтап қалуы бұл жердің кейінгі тарихы үшін өте маңызды оқиға болды. 1449 жылы Дәулет Бердінің туысқаны Қажы Керей осы жерде Қырым хандығын құрды.

Қысқаша айтқанда, бұл кезде Алтын Орда жерінде үш негізгі күш қалыптасты. Еділдің батысында Ұлық Мұхаммед, оңтүстіктегі Қырымда Дәулет Берді, ал Еділдің шығысында Барақ өз билігін орнатты. Дәлірек айтқанда, Барақ ханның билігі Сырдарияның жағасына дейін жалғасып жатқан еді. Осы кезде Барақ хан мен Мансұр Бидің арасында жанжал туып, ақырында Барақ хан өз одақтасын өлтірді. Бұл жағдай Барақ ханның әлісіреуіне алып келді. Осы орайды пайдаланған Ұлық Мұхаммед Витовттың да көмегімен 1427 жылы Барақ ханды Еділ мен Жайықтың арасынан қуып шықты. Барақ хан Ақ Ордаға шегінуге мәжбүр болды.

Мансұр Бидің маңғыттарының жартысы Барақ ханмен бірге шығысқа кетсе, қалғандары Мансұр Бидің інілері Қазы мен Наурыздың айналасына жинала бастады. Қазы мен Наурыз Күшім Мұхаммедті өздеріне хан сайлап, Барақ ханнан кек алуға дайындала бастады. Бұл кезде Сырдың жағасына шегінген Барақ хан Ұлықбектен кезінде Ұрыс ханға тиесілі болған Сығанақ, Созақ, Сайрам, Отырар мен Яссы қалаларын қайтарып беруін талап етті. Ұлықбектің бұл талапты қабылдамауымен бірге екі жақ соғысқа шықты. Ұлықбектің әскерлерінің көп болуына қарамастан Ақордалықтар бірнеше шайқаста жеңіске жетіп, өз қалаларын қайтарып алды.

Оңтүстік шекарасын қалпына келтіріп ес жинап алған Барақ хан енді батысқа қарай жорыққа шықты. Оның Алтын Орда тағына жетуі үшін алдымен Күшім Мұхаммед хан және оның айналасына ұйысқан ноғайларды жеңуі керек еді. Алайда Барақ хан Жайықтан өте салысымен, Ақ Орда қолының құрамында болған ноғайлар Барақ ханға сатқындық жасап, оны өлтіріп тастады. Осылайша Ұлы дала империясын қалпына келтірудің соңғы мүмкіншілігі де жоқ болды.

 



Ұқсас жаңалықтар