Моғолыстан ханы Қамараддин

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 31

Моғолыстан ханы Қамараддин

Моғолыстанның алғашқы ханы Тоғылық Темір кезінде Шығыс Шағатай хандығы Мәуренахрды жаулап алған еді. Тоғылық Темір бұл жердегі мұрагері ретінде ұлы Ілияс Қожаны қалдырды. Бірақ моғолыстандықтардың көптеген әмірлерді өлтірулеріне байланысты қараунас руынан Әмір Хүсейін және барлас руынан Әмір Темір 1363 жылы Ілияс Қожаға қарсы көтеріліс бастады. Мәуренахрлықтардан жеңілген Ілияс Қожа Моғолыстанға шегінуге мәжбүр болды. Дәл сол жылы Тоғылық Темір хан қайтыс болып,  Моғолыстанның дулат әмірлері Ілияс Қожаны хан сайлады. 1365 жылы Ілияс Қожа хан қалың қолмен қайтадан Мәуренахрға жорыққа шықты. Бұл жолы Моғолыстан ханы Әмір Хүсейінді де, Әмір Темірді де жеңді. Алайда Самарқанд қаласының тұрғындары Ілияс Қожаға берілмеді. Қаланы қоршау ұзаққа созылды. Оның үстіне моғолыстан әскерлерінің арасында оба ауруы тарай бастады. Қысқасы, Ілияс Қожа еліне шегінуге мәжбүр болды. Жас ханның бұл сәтсіз жорығы оның ел ішіндегі абыройына нұқсан келтірді. Осы орайды пайдаланған Әмір Қамараддин Ілияс Қожа ханның ордасына шабуыл жасап, оны өлтіріп, билікті өз қолына алды. Осылайша, Моғолыстанда жаңа кезең басталды. Олай болса бұл бағдарламамызда Моғолыстан елінің Шыңғыс хан тұқымынан шықпаған алғашқы ханы Қамараддин туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз дулат руынан шыққан ықпалды қолбасшы әрі би болып табылады. Оның Моғолыстан тағына шығу жолын баяндамастан бұрын түркі өркениетінде қалыптасқан ел билеу дәстүріне тоқтала кетуіміз керек. Өйткені Қамараддиннің «хан» атағын алуы бұл дәстүрмен қарама-қайшылықта тұр. Түркі өркениетіне назар аударсақ, бүкіл даланы қамтитын ірі мемлекет құрылғаннан кейін сол мемлекетпен бірге жаңа заң қалыптасады. Көне түрікшеде мемлекетті «ел», ал заңды «төре» деп атайды. Көктүріктер мемлекеті кезінде тұрғызылған тасжазбаларда бұл екі ұғымның қатарласып келуі тегін емес. Алып ел ыдыраса да, оның кезінде қалыптасқан заңдар жалғаса береді. Махмут Қашқаридың сөздігіндегі «Ел жоғалар, төре жоғалмас» мақалы империя құласа да, оның қалыптастырған заңдарының жалғаса беретіндігін көрсетіп тұр. Осы дәстүрге сай, алып империя ыдырағаннан кейін құралған елдер де ескі заңдарды жалғастыруға тырысады. Әсіресе өз хандарын бұрынғы билеуші әулеттен сайлауға тырысады. Көктүрік қағанаты ыдырағаннан кейін құрылған Хазар мемлекеті мен Қарахан мемлекеті билеушілері Бумын мен Естемидің ұрпақтары болып саналады. Сол секілді Шыңғыс ханнан кейін құрылған барлық мемлекеттер өз хандарын төре тұқымынан сайлайды. Бұл жерде Шыңғыс хан ұрпақтарын «төре» деп атауымыз да тегін емес. Тіпті оның аржағында Бумын қағанның ұрпақтарын «түрік» яғни «төрік/төрек» атауымыздың да астарында олардың төрені басқаша айтқанда заңдарды яғни әділдікті ұстауларына байланысты болуы әбден мүмкін. Бүгін қазақ тілінде қолданып жүрген «төрелік айту», «төреші» сөздерінде де осы заң мен әділдік мағыналары бар. Қысқасы, Шыңғыс ханнан кейін құрылған барлық мемлекеттердің билеушілері Шыңғыс хан ұрпақтарынан сайланатын болды. Мысалға Қазақ хандары, Өзбек хандары, Қырым хандары төрелерден сайланған еді. Тіпті Османлы мемлекеті де Қырым хандарымен құда болып, Осман ұрпағы қалмаған жағдайда төре болып табылатын Қырым хандығының билеуші әулетінің өкілі Османлы тағына шығатын болып келісімшарт жасалған болатын.

Ал Қамараддин тарих сахнасына шыққан он төртінші ғасырда төре тұқымынан хан сайлау дәстүрі әлі жалғасып жатса да, Шыңғыс хан ұрпақтарының ықпалы азая бастаған болатын. Моғолыстанның алғашқы ханы Тоғылық Темірді дулат руының биі Болатшының таққа шығарғанын еске түсіре кеткен жөн. Басқаша айтқанда рубасы болып табылатын Әмір Болатшы өз билігін төре Тоғылық Темірмен бөліскен болатын. Алайда Болатшының орнына дулат руының биі болып шыққан Қамараддин өз билігін төре Ілияс Қожамен бөліскісі келмеді.

Моғолыстан мемлекетінде рубасыларына «ұлыс бегі» атағы берілетін. Болатшыдан кейін бұл атақты оның баласы Құдайдат алған еді. Алайда Болатшының інісі Қамараддин бұған қарсы шығып бүлік бастады. Ақырында 1366 жылы Мәуренахр жорығынан қайтқан Ілияс Қожа ханның ордасына шабуыл жасап, тек ханды ғана емес, бүкіл төрелерді қырып тастады. Дулат руының басқа әмірлері Қамараддинді қолдамаса да, ол өзін «хан» деп жариялады.

Ұлы тұлғамыз Моғолыстандағы билікті өз қолына алғаннан кейін Мәуренахрда күшейіп келе жатқан Әмір Темірге қарсы соғыс бастады. Қамараддин ханның әскерлері Әндіжанға дейінгі жерлерді жаулап алды. Алайда Әмір Темірдің қарымта шабуылына төтеп бере алмаған моғолыстандықтар шегінуге мәжбүр болды. Мәуренахр мен Моғолыстанның бұл соғысы шамамен жиырма жылға созылды. Расын айтқанда бұл соғыс Шағатай ұлысы мұрасы үшін соғыс еді. Бұл соғысты женген жақ ұлыстың тұтастығын қамтамасыз етіп, одан кейінгі кезеңде батысқа жорық жасау мүмкіншілігіне ие болатын еді. Өйткені бұл кезде Ирандағы Елхан мемлекеті ұсақ хандықтарға ыдыраған еді. 1380 жылы Қамараддин Алтын Орда ханы Тоқтамысқа барып, Әмір Темірге қарсы одақ құрды. Алайда бұл одақ Әмір Темірді тоқтату үшін тиімді болмады.

1390 жылы Әмір Темір Моғолыстанға үлкен жорық бастады. Бұл жорыққа қарсы шыққан Қамараддин хан шешуші шайқаста жеңіліп, тарих сахнасынан кетті. Оның орнына ұлысбегі болған Құдайдат Қамараддиннің қырғынынан аман алып қалған Шағатай ұрпағы Қызыр Қожаны Моғолыстан ханы деп жариялады. Осылайша қарадан шыққан хан Қамараддиннің кезеңі аяқталған болды.

 

 



Ұқсас жаңалықтар